Биыл Успен ауданында бірқатар әлеуметтік нысандарға жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бүгінгі таңда аудан орталығынан шалғай орналасқан Тимирязев ауылындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Аталмыш ауылдағы мәдениет үйінің әдіскер-әкімшісі Бауыржан Дүйсекеевтің айтуынша, бұл мәдени нысан 1985 жылы салынды, соңғы жөндеу жұмыстары 2013 жылы жүргізілген. Ағымдағы жылы мәдениет үйін күрделі жөндеуге облыстық бюджет қаражаты есебінен 168 млн теңге бөлінді.

– Ауылдық мәдениет мекемелерін жөндеу – бұл ауыл өмірінің маңызды құрамдас бөлігі. Нәтижесінде жөндеуден өткен мәдениет ошағы одан әрі дамып, дәстүрлер нығая түседі. Сондай-ақ, жұмыстың жаңа түрлері енгізіледі. Қазіргі уақытта мәдениет үйіндегі қабырғаларды, едендерді, қасбетті және шатырды бөлшектеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, терезелерді монтаждау және қабырғаларды сылау жұмыстары қолға алынды. Күрделі жөндеу ағымдағы жылдың маусым айында аяқталады деп жоспарлануда, – деді Б.Дүйсекеев.

 

А.МҰҚЫШЕВ.