Заңғар ауылында биылғы жылдың соңына дейін мектеп жасына дейінгі балаларға арналған жаңа шағын орталық пайда болады. Құрылыс «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізілуде. Жобаның құны шамамен 170 миллион теңгені құрайды.

Жұмыс маусым айының басында басталды. Мердігер «ГрадСтройСервис» ЖШС дереу алаңды дайындап, кейін іргетасын қалаған. Бүгінде құрылыс белгіленген кесте бойынша жүргізілуде. Жоба жетекшісі Арғын Байғұлдың айтуын-    ша, құрылыс алаңында 15 адамнан тұратын топ жұмыс жасауда.

– Біз жұмысты кезең-кезеңімен істеп жатырмыз. Қазіргі уақытта негізгі қабырғаларды салуға кірістік. Содан кейін бірден ішкі әрлеуге көшеміз. Басты міндет – сапа мен қауіпсіздік. Өйткені жаңа шағын орталық мектеп жасына дейінгі балаларға арналған. Сондықтан барлығы жоғары деңгейде болуы керек. Шағын орталықта балалар үшін барлық қажетті нәрсе бар, — дейді Арғын Бүркітұлы. Аумағы 460 шаршы метрді құрайтын шағын орталық 50 адамға арналған. Ғимаратта оқу және ойын бөлмелерінен басқа қызметкерлердің жеке бөлмесі болады. Балалардың жайлы және шығармашылық ортада өсуі үшін ауылдық округ басшылығы қабырғаларды суреттермен бояуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, жобада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған құрал-жабдықтарды, оның ішінде пандустар мен арнайы белгілерді орнату қарастырылған.

 

А.МҰҚЫШЕВ.