Қар уақытылы шығарылады

Қаң 30, 2025

Екібастұз қаласында көшелерді қардан тазалауға үш мерді-герлік компания жауапты. Өз кезегінде коммуналдық қызмет жұмысшылары шаһар тазалығын сақтауға баса мән береді.

Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, қаланы қардан тазалау ісіне 100-ден астам қызметкер мен 100-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Тәулігіне орта есеппен 600-700 текше метр қар сыртқа шығарылады. Мамандар аумақтардың қардан уақытылы тазартылып, жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілерінің қатынауы кедергі келтірмеуін назарда ұстайды.

Тұрмыстық қалдықтарды шығару, жинау ісін бір ізге келтіру де маңызды. Қала әкімі Аян Бейсекиннің төрағалық етуімен өткен жиын барысында аталмыш мәселе қаралды. Шаһар басшысының сөзінше, биыл шағын және орта бизнестің 1400 нысаны қалдықты шығару туралы келісімшарт жасады. Алайда әлі күнге дейін кейбір кәсіпкерлер тиісті келісімшартқа қол қоймаған. Бұл ретте тұрғын үйлерде кеңсе, қызмет көрсету орны бар бизнес өкілдерінде осындай келісімшарт болуы керек. Әйтпегенде, әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін.

Сонымен қатар, тұрғын үйлердің аумағына 1500 жаңа еуроконтейнер керек. Қала әкімі бұл мәселені жауапты мекеме басшыларына тапсырды.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.