Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен қызметіне арналған «Елі үшін, жері үшін» атты балалар суреттерінің көрмесі ашылды. Экспозицияда Павлодар және Екібастұз қалаларының көркемсурет және облыстық өнер мектептері оқушыларының 100-ге жуық жұмысы қойылды.

Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, Журналистер одағының мүшесі және Көркемөнер Академиясының корреспондент мүшесі Ерсін Тақырбасовтың сөзінше, көрермен назарына ұсынылған суреттер жуырда Павлодар қалалық балалар көркемсурет мектебі ұйымдастырған геолог ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған байқауда үздік деп танылған. Олар акрилді кескіндеме, гуашь, сулы бояу, қарапайым қарындашпен орындалған графика, түрлі түсті қарындаштар және аралас сияқты дәстүрлі емес техникалармен орындалған.

– Облыс бойынша өткен байқауға 300-ге жуық жас суретші қатысты. Олардың әрқайсысы бір туындысын ұсынды. Арасынан үздік деген 80 картинаны таңдап алдық. Байқау барысында балалардың шығармашылыққа деген ынтасын көріп, көңілім марқайып қалды. Әсіресе, Ертіс және Баянауыл аудандық өнер мектебінің оқушылары белсенділік танытты. Көрменің мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында әсемдік сезімін оята отырып, туған елінің тарихына, дамуына елеулі үлес қосқан Қазақстанның танымал тұлғаларының қызметіне деген қызығушылықтарын арттыру. Мәдениет пен отансүйгіштікке тәрбиелеу, – деді Е.Тақырбасов.

Аталмыш суреттерден Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен қызметін суреттейтін композицияларды, академиктің портреттерін және туған жері – Баянауыл өлкесінің пейзаждарын байқауға болады. Солардың бірін Баянауыл аудандық Жаяу Мұса атындағы өнер мектебінің қатысушысы Ақмарал Молдағалиева салған. Ақмаралдың туындысының өзге картиналардан ерекшелігі сол – ол Қаныш Сәтбаевтың суретін мозаика үлгісінде салған.

– Бұл туындыда гуашьты қолданып, мозаика техникасында салдым. Себебі, мозаика – ерекше техника. Мұнда пішінді, көлеңкені, жарты көлеңкені және жарық түсетін түстерді таңдап алдым. Осы сурет арқылы Қаныш Сәтбаевтың бойындағы барлық қырын ашып көрсетуге тырыстым. Онда тұлғаның портреті, туған жері Баянауыл ауданы және алғаш ашқан кен орындары бейнеленген, – деді жас суретші.

Айта кетейік, көрме шілде айының соңына дейін жұмыс істейді.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.