Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Сәбит Дөнентаевқа қатысты бірқатар құнды жәдігер және сирек суреттер сақталған. Тұлғаның биылғы мерейтойына орай сол заттарын да оқырмандарға таныстыруды жөн деп шештік.

Көрнекті мемлекет қайраткері, ағартушы, әдебиетші Смағұл Сәдуақасов 1919 жылы Омбы қаласында шығатын «Трудовая Сибирь» журналында «Киргизская литература» деген очеркінде қазақ әдебиетінің жағдайы, оның өркендеуі жөнінде талдау жасаған.

— Ақындардың ішінде халықшыл ақын С. Дөнентаев айрықша дараланады. Оның өлеңдерінің рухы таза қазақша, ұлттық арқауы айрықша берік, шумақтарының жүйелілігі, бунақтарының үнділігі жөнінен, терең мазмұны жөнінен, ең ақыры, керемет өткірлігі жөнінен Дөнентаев өлеңдері халық поэзиясының атасы Байтұрсынов пен нәзік жанды лирик Жұмабаевтың шығармаларына жетеғабыл», — деп жазды. Бұдан байқайтынымыз, С.Дөнентаев — өз заманында-ақ нақты бағасын алған ақын. Тұлғаның қазақ әдебиетінің дамуына қалдырған мұрасы өлшеусіз. Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінде ақын Сәбит Дөнентаевтың көзіндей сақталған қымбат жәдігерлердің бірі – сиясауыты. Мұны ақынға кезінде Семейдегі «Жаңа ауыл» (қазіргі «Семей таңы») газетінің редакциясы сыйға тартқан. Аталған басылым 1928-1930 жылдар аралығында шығып тұрған. Сиясауыттың астыңғы жағында латын әріптерімен «С.Дөнентайұлына «Жаңа ауылдан» берілген белгі» деп жазылған. Жәдігерді кезінде тұлғаның қызы Сәулет Сәбитқызы әкесінің туған жеріне арнайы әкеліп, музейге табыс етіп кеткен екен.

Сонымен қатар, музей қорында ақынның бойтұмары мен әмияны сақталған, мұны да мұражайға ақынның жалғыз қызы тапсырған болса керек. Одан бөлек, отбасымен, замандастарымен бірге түскен бірнеше фотосуреті бар. Бір суретте әйелі Қорлығайын, қызы Сәулетпен бірге тұрған болса, екінші суретте І.Оразалыұлы, Б.Әбдіразаұлы есімді азаматтармен қатар тұр. Бүгінде музейде ақынға арналған жеке бұрыш бар, жоғарыда аталған өзінің жеке заттары мен сирек фотосуреттерін және кітаптарын сол бұрыштан тамашалауға болады.

Мұрат АЯҒАНОВ.