Прокуратура органдары ел Президенті Жолдауында айтылған Жалпыұлттық шаралар жоспарын жүйелі жүзеге асырып, нәтижесінде қылмыс пен олардың ауыр түрлерінің деңгейі біршама азайған. Атап айтсақ, биыл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қылмыс саны 16 пайызға қысқарған.

Оның ішінде адам өлтіру фактісі 14,3 пайызға, алаяқтық 29 пайызға, интернет алаяқтық 44 пайызға, бопсалау 27 пайызға, балалардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар 32 пайызға төмендеген. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс прокурорының міндетін атқарушы Серік Кәріпбеков биыл алғашқы жартыжылдықта қадағалау қызметінің қорытындыларын жариялады.

– Қылмыстық қудалау, сот өндірісі және жазаларды орындау саласында қадағалау құралдарын пайдалану арқылы азаматтардың конституциялық қорғанысы қамтамасыз етіледі. Істерді тоқтату жөнінде тергеушілердің 90-нан астам қаулысы бұзылды. Прокурорлар әлеуметтік-экономикалық саланың заңдылығы бойынша жоғары қадағалауды жүзеге асыруда. Мәселен, жер қатынастары саласында 171 мың гектар жер бойынша заңбұзылушылықтар анықталды. Оның 161 мың гектары – пайдаланылмайтын жерлер. Прокурорлар 58 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Сонымен қатар, 6 мыңға жуық кәсіпкердің құқығы қорғалды. Үш заңсыз тексеріс, 20 тыйым салу-шектеу шарасы, 49 әкімшілік өндіріс тоқтатылды. Кәсіпкерлер 950 392 теңгенің айыппұлынан босатылды, – деді ол. Облыс прокурорының орынбасары Марлен Сламбековтің айтуынша, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар мұнай-химия зауытына қатысты қылмыстық істі қарастырып жатыр. Тұрғындар зауыттың күрделі жөндеуге жабылғаны жайлы білер, бірақ, бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалғанын естімеген болар.

– Ұлттық қауіпсіздік комитеті ПМХЗ бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Іс ҚР КК-нің 385-бабы (Жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу), 197-бап (Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау), 214-бап (Заңсыз кәсiпкерлiк, заңсыз банктік, микроқаржылық немесе коллекторлық қызмет) бойынша қарастырылуда, – деді М.Сламбеков. Жиында прокурорлар Екібастұзда жылыту маусымына жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты тергеуді аяқтағанын мәлімдеді. Қылмыстық іс жуырда сотқа жіберілмек. «Екі адамға қатысты тергеу аяқталды. Екі апта ішінде істі сотқа жіберетін боламыз», деді Марлен Сламбеков.

Оралхан ҚОЖАНОВ.