Облыс орталығындағы «Жұлдыз» стадионында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының кубогы үшін журналистер арасында шағын футболдан жолдастық турнир өтті.
Жарысқа өңірімізге белгілі журналистерден құралған 4 команда қатысты. Әр ұжым ең үздік 7 ойыншысын алаңға шығарып, жарыс көрігін қыздырды. Қатысушылардың жас ерекшелігіне шектеу қойылған жоқ. Ардагер ойыншылар, тәжірибелі журналистер – «Ertis» телеарнасынан Сағындық Оразалинов, «Ертіс Медиа» ЖШС-нен Жұмабек Сманов және Асыл Әбіш жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, жасыл алаңда жасындай жарқылдады.
Жарыс айналмалы жүйемен өтті. Яғни, әр команда 3 ойыннан өткізді. Жалпы, 6 ойында 35 гол соғылды: 7 дубль, 2 хет-трик және 2 покер тіркелді.
Турнирдің тұсауын «Ertis» телеарнасы мен «Ертіс Медиа» арасындағы ойын кесті. Ойында «Ертіс Медиа» жеңіске жетті. Кездесу 1:8 есебімен аяқталды. Турнирдің алғашқы голын «Найзатас» журналының шеф-редакторы Еламан Қабділәшім соқты. Ал «Saryarqa samaly» газетінің шолушысы Оралхан Қожанов алғашқы покерді (4 гол) еншісіне жазды.
Екінші ойын – «Меншікті тілшілер» мен «Ирбис» телеарнасы арасында өтті. Бұл ойында ирбистіктер номиналды алаң қожайындарын айқын басымдықпен ұтты. Қорытынды есеп – 0:5.
«Ertis» және «Ирбис» телеарна-ларының құрамалары арасындағы ойында ирбистіктер қарсыластар қақпасына жауапсыз 9 гол соқты. Бұл ойында турнирдегі алғашқы автогол да соғылды.
Төртінші ойында «Ертіс Медиа» мен «Меншікті тілшілер» өзара мықтыны анықтады. Бірінші тайм тең есеппен аяқталды. Ал екінші кезеңде «Ертіс Медианың» көшбасшысы Оралхан Қожанов жеке шеберлігімен ерекшелініп, тағы бір покер жасады. Тағы бір голды «Pavlodarnews.kz» ақпараттық агенттігінің тілшісі Айбек Жұматов соғып, қорытынды есепті 5:0-ге жеткізді.
Үшінші орын үшін талас тартысқа толы болды. «Ertis» телеарнасының командасы бірінші таймнан соң «Меншікті тілшілерді» 2:0 есебімен жеңіп тұрған еді. Ойынның екінші бөлігінде «Меншікті тілшілер» барынша жинақылық танытып, камбэк жасады. Қорытынды есеп – 2:4. Қола жүлде – «Меншікті тілшілерде».
Финалда қатарынан қара үзіп шыққан қос мықты кездесті. «Ирбис» телеарнасы мен «Ертіс Медиа» командалары аңдысып жатпады. Қос команда да бірден алға ұмтылды, алма-кезек шабуыл ұйымдастыра білді. Бірінші таймда есепте өзгеріс болған жоқ. Ойынның екінші бөлігінде де қос тарап өткір шабуылға иек артты. Бірақ нәтижелі қимыл тіркелген жоқ. Дегенмен, тынымсыз шабуыл өз жемісін берді. Екінші таймның орта шенінде ирбистік Дмитрий Белоградов алға ұмтылып, қақпаны көздеді. Жолай қорғаушылардың біріне тиген доп бағытын өзгертіп, қақпашыны сан соқтырды. Есеп – 0:1. Ойын соңына таман тележурналистерде есепті еселейтін тамаша мүмкіндік болды. Қорғаушы әуедегі допты қолмен тоқтатып, «Ертіс Медиа» қақпасына пенальти белгіленді. Алаң иелерінің қақпашысы – «Найзатас» журналының бас редакторы Асыл Әбіш шеберлігімен көзге түсіп, пенальтиді қайтарды. Бұдан кейін «Ертіс Медиа» ойыншылары қанша соққы жасаса да есепті теңестіре алмады. Сөйтіп, «Ирбис» ұжымы ауыспалы кубокқа ие болды.
Бұдан бөлек, шеберлік көрсеткен ойыншыларға жекелей сыйлықтар табысталды. «Үздік қақпашы» аталымын «Ертіс Медиа» командасының капитаны Асыл Әбіш иеленді. «Ertis» телеарнасының ойыншысы Байтұрсын Жұмабай «Үздік қорғаушы» болып танылды. Ал «Үздік шабуылшы» аталымы екі покер жасаған «Ертіс Медиа» командасының сұрмергені Оралхан Қожановқа табысталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, «Kazaqstan» ұлттық арнасының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Болат Аманбаев және ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Серік Елікбай бастаған турнирдің құрметті қонақтары марапаттады.
Командалар журналистер арасындағы турнирдің ұйымдастырушысы – Қазақстан Журна-листер одағының Павлодар облыстық филиалы басшылығына, «Жұлдыз» стадионының әкімшілігіне және қалтқысыз қызмет көрсеткен төрешілер – Әділет Бауыржанұлы мен Ернар Егінтайға алғысын жаудырды.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.