Талдықорған қаласында мемлекеттік қызметшілер арасында өткен республикалық спартакиадада Павлодар облысының командасы жалпыкомандалық есепте үшінші орынды иеленді.

Үш күнге созылған жарысқа еліміздің әр өңірінің намысын қорғаған, мемлекеттік қызметшілерден құралған 19 команда қатысты. Спартакиада олимпиадалық, олимпиадалық емес, ұлттық спорт түрлерінен, атап айтқанда, волейбол, тоғызқұмалақ, бильярд, қазақша күрес, шағын футбол, жүзу, үстел теннисі түрлерінен өтті.

Павлодарлықтар әсіресе, волейбол және футболдан мықты екендіктерін дәлелдеп, қос спорт түрінен үшінші орынды иеленді. Тоғызқұмалақ, жүзу, қазақша күрестен тоғызыншы орынға тұрақтаса, бильярдтан 12-орынды місе тұтты. Ал үстел теннисінен 4-орын бұйырды. Барлық спорт түрлерінің нәтижесін есепке алғанда Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілері чемпион атанды. Батыс Қазақстан облысының командасы күміспен күптелсе, жерлестеріміз үздік үштікті түйіндеді.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаевтың айтуынша, Павлодар облысының намысын 39 мемлекеттік қызметші қорғаған. Естеріңізге салсақ, былтыр Петропавл қаласында өткен спартакиадада павлодарлықтар үшінші орынды иеленген болатын. Келесі жылы жарыс Ақтөбе облысында ұйымдастырылады. Екі жыл қатарынан қоржынымыз қолаға толды. Жерлестеріміз бұл жолы чемпион атанады деген сенім мол.

Оралхан ҚОЖАНОВ.