Жерлесіміз Мұхтар Дәлелханұлы Астана күніне орай қазақ күресінен өткен «Қазақстан барысы-2023» турнирінің қола иегері атанды. Бұл – турнир ұйымдастырылғаннан бері павлодарлық балуандардың алғашқы жүлдесі.

Мұхтар соңғы үш жылда Павлодар облысындағы іріктеуден іркілмей өтіп, респуб-ликада бақ сынап жүр. Алдыңғы жылдары бірде бабы келмесе, бірде сәттілік жолдас болмады. Биыл алғашқы белдесуден-ақ жүлдеден дәмелі екенін сездіргені рас. Қарсыластарын айқын ұтып, жартылай финалдан табылды. Бұл кезеңде оған салмағы 160 келі тартатын, былтырғы турнирдің финалисі Нұрдәулет Жарылғапов қарсылас атанды. Бес минуттық белдесудің соңғы секундтарында Нұрдәулет нәтижелі әдіс жасап, жеңіске жетті. Қола жүлде үшін болған кездесуде Мұхтар «Әскер барысы»  Марат Байқамұровты қоян-қолтық белдесуде жеңіп, мықтылығын дәлелдеді.

Ал финалдық белдесуде маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов пен күштік құрылымдар арасында өткен «Әскер барысы» турнирінің  жеңімпазы Ғалымжан Қырықбай күш сынасты. Бұл жолы да жеңімпаз қоян-қолтық белдесуде анықталды. Салмағы ауыр Нұрдәулет әдіс жасаймын деп өзі «құрыққа» түсіп қалды. Сөйтіп, Ғалымжан тұңғыш рет Қазақстан барысы атанды. Ол 2021 жылы күміс, 2022 жылы қола медаль иеленген еді. Ал Нұрдәулет Жарылғапов 2021 жылы қола, 2022 жылы күміс медаль еншіледі. Екі жыл қатарынан финалда ұтылған Нұрдәулет келесі жылы чемпион атануы мүмкін, дейді сарапшылар. Себебі, бұған дейін бақ сынап келген мықтылардың көбі қазір қатарда жоқ. Жаңадан шыққан балуандар енді ғана тәжірибе жинақтап жүр. Салмақтары да Нұрдәулетпен теңесе алмайды.

Марапаттау сәтінде Ғалымжан Қырықбайға «Алтын белбеу» және 25 миллион теңге табысталды. «Қара бура» лақап атымен танымал Нұрдәулет Жарылғапов «Күміс белбеу» және 5,5 миллион теңгеге ие болды. Ал жерлесіміз Мұхтар Дәлелханұлына 1,8 млн теңге берілді. Ал Мұхтардың бапкері Амангелді Райға 900 мың теңге табысталды.

Еске сала кетейік, «Қазақстан барысы – 2023» республикалық турниріне өңірлердегі іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен 41 балуан қатысты. Атап айтсақ, әр өңірден екі спортшы, сондай-ақ «Әскер барысы» күш құрылымдары арасындағы турнирдің жеңімпаздары бақ сынады. Турнирдің бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, сондай-ақ «Sport Qory» спортты қолдау қоры және «Сәтті жұлдыз» АҚ екенін атап өткен жөн.

Оралхан ҚОЖАНОВ.