Қаруды ерікті түрде тапсыру акциясы барысында Шарбақты ауданының тұрғыны 1400-ге жуық оқ-дәрі тапсырды. Ауыл тұрғыны бұл оқ-дәрілерді бірнеше жыл бұрын сатып алған үйдің қорасын тазалау кезінде тапқан. Аталған факт тіркеліп, баллистикалық сараптама тағайындалды.
Павлодар облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Борис Әлімбаевтың сөзінше, акция шеңберінде комиссия 4 млн 878 мың теңге сомасына 56 шешім қабылдады. Сондай-ақ, 4 өтініш бойынша ақшалай сыйақы төлеуден бас тарту туралы шешім шығарылды. Өйткені бір тегіс ұңғылы қару жоғалған қару ретінде есепте тұрған. Қаржыландырудың жалпы сомасы 5 млн теңгені құрады.
— Республикалық акция барысында халықтың атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды ерікті түрде тапсыруы бойынша тұрғындардан 60 өтініш келіп, 63 қару қабылданды. Оның ішінде 54 тегіс ұңғылы қару, 5 ұзын ұңғылы мылтық қаруы, 3 қысқа ұңғылы мылтық қаруы және мылтық қаруына 16370 патрон бар. Барлық тапсырылған қарулар криминалистикалық сараптамадан өтеді, — деді басқарма басшысы.
А.МҰҚЫШЕВ.