Балаларды қуантқаннан артық не бар бұл өмірде? Олардың жайнаған жүзін көріп, күміс күлкісін естіп, алаңсыз бақытты балалық шағын тамашалағаннан артық ғажап нәрсе болмас. Баланы қуанту – әлемге шуақ шашумен тең. Өйткені, балақайлар –болашағымыздың баянды жолы, өміріміздің мәні, көңіліміздің сәні.
Балаға жасалған бар жақсылық болашақ жолындағы ұлы іспен тең десек, келісерсіздер. Алайда бойына біткен сырқатпен күресіп не болмаса отбасындағы келеңсіз жайттарға байланысты балғын шақтың бал дәмін тата алмай келе жатқан балалар бар.
Деректерге сүйенсек, Баянауыл ауданында биыл 27 мүмкіндігі шектеулі бала үйден оқытылып, тәрбиеленді. Осы жылы ауданның психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту мақсатында «Монтессори» және «Сенсорлық интеграция» кабинеттері ашылып, бүгінде 33 балаға қызмет көрсетуде.
Осы санаттағы ерекше балаларды қуантып, жүздеріне бір сәтке болса да шаттық нұрын ұялата білсек, бұл парасат-пайымымыздың биіктен көрінуі болар.
Осы орайда, Академик Қ.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінде балаларға базарлық акциясы өтті. Мерекелік жиында аталмыш музейдің басшысы Қ.Әбілғазин сөз алып, бүлдіршіндердің жарқын болашағына қамқорлық жасау аға буынның парызы екенін атап, балаларды мерекемен құттықтады.
Сондай-ақ, аудан кәсіпкерлерінің қолдауымен 6 бүлдіршінге балмұздақ пен тәттілерден құралған шағын себеттер таратылды.
Айта кетерлігі, демеушілік көрсеткен кәсіпкерлер – Анар Сапарова, Асан Смағұлов, Асан Әміров, Нұрлан Қашкеев, Әлия Наурызбаева және музей әкімшілігі аты-нан алғысымызды білдіреміз!
Г.БАЛАБАЕВА, Академик Қ.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің әдіскері, Баянауыл ауданы.