Күні кеше ғана Астана қаласында көпқабатты тұрғын үйде өрт шығып, үш сәбидің өмірін алып кетті, балалардың анасы ауыр халде жатыр. Осы оқиғада өрт сөндіру көлігінің өрт шыққан үйге жақындай түсуіне жолдағы көлік кедергі келтіргені айтылды. Бұған дейін де өрт сөндірушілер осы мәселені жиі көтеріп, дабыл қағып келді. Жалпы, ахуалды ескерген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары бұдан былай заңнамаға өзгеріс енгізіп, шұғыл көмек көрсететін қызмет көліктерінің оқиға орнына жетуі үшін жолдағы кедергілерді елемей өте шығуына рұқсат беру ұсынылып отыр. Ал иесіне ешқандай өтемақы төлеу қарастырылмайды. Әсіресе, үйлердің маңындағы шлагбаумдар мен бей-берекет қойылған автокөліктер, қоршаулар жылдам жетуге бөгет болады. Мұндай рұқсат берілуі керек пе? Өзгеріс қандай нәтиже әкелуі мүмкін? Біреудің мүлкіне зақым келтіру даулары жиілеп, ушығып кетпей ме? Осы және өзге де сұрақтарға «Алаңда» жауап іздеп көрдік.
Алдаберген ҚАРАБАЛИН, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент ардагерлер президиумының мүшесі, отставкадағы полковник:
– Төтенше жағдайлар саласында 40 жылға жуық жұмыс істедім. Өрт орын алса, өрт сөндірушілер шұғыл түрде адам шығынын болдырмауға әрекет етеді. Соңғы жағдайлардан жолда кедергінің қаншалықты қауіпті екенін көпшілік көріп отыр. Бұл мәселе бұрыннан бар. Айтып та келеміз. Құлақ асатын тұрғындар аз. Тұрғындардың аулаларда көлік қою мәдениеті өте төмен. Өз бастарын көбірек ойлайды. Аулада кейде жас жігіттердің тыйым салынған орынға көлігін тастап кеткенін көріп, ескерту де жасап жүремін. 30 метр ары қоюға ерінетіндер бар.
Жалпы, депутаттардың ұсынысын құптаймын. Өте өзекті мәселе. Санаулы минуттардың өзі соншалықты маңызды. Мәселен, 9-қабаттан жоғары тұрғын үйлерде өрт шықса, бірден 4-5 өрт сөндіру көлігі жетеді. Себебі, 3-деңгейлі шақырту деп саналады. Мұндайда аулаға кептеліп көлік тұрса, жағдайды елестете беріңіз. Иелерін тапқанның өзінде, оны шығаруға қаншама уақыт кетеді. Кейбір үйлердің маңындағы ағаштар да кейде автосатыны қойып, жоғарыға көтерілуге мұрша бермейді. Мұны да зерделеп, жауапты органдар ретке келтіруі керек деп ойлаймын. Меніңше, құзырлы органдар бірлесіп, аулаларды аралап, рейд жүргізіп, көлігін өте өрескел қойған тұрғындарды тезге салуы тиіс. Ескерту жасап, қайталанса, айыппұл салып, ойландырмаса, оңбайды. Бұрынғыша шұғыл қызмет көліктерінің жолын бөгеп, жүре береді. Ал қандай жағдайларда бөгетті басып өтуге болатыны нақты ережемен бекітілуі тиіс деп санаймын.
Қобыланбек ҚОЖИН, Павлодар қалалық мәслихатының төрағасы:
– Бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Алдымен біз халықтың мәдениетін көтеру бағытында жұмыс істеуіміз керек. Көбіміз, жасыратыны жоқ, артық қадам жасағымыз келмейді. Подъездің дәл алдына қоюға әуеспіз. Әйтпесе, алыстау жерлерде тұрақтар бар, ақылысы да бар. Қазіргі таңда қаламызда аулаларда тұрғындардың қалауымен автотұрақ салуға мән берілуде. Әрине, бәрін бірден қамту мүмкін емес. Оған бюджет қаражаты жете бермейді. Одан кейін өңірімізде құрылыс жүргізу мерзімінің қысқалығы да әсерін тигізеді.
Енді бөгет келтірген бөгде заттарды бірден соғып өту де оңай іс емес. Тіпті, төтенше жағдайлар министрлігі өрт сөндіру көліктерімен соғуға болмайтынын айтып отыр. Себебі, зәулім үйлердегі өртті сөндіруде қолданылатын сатылары бар алып көліктердің құны 800 млн-1 млрд теңге шамасында екен. Демек, кедергі келтірген автомобильдер мен қоршауларды, шлагбаумды соғып, жұлып өту үшін өрт сөндіру көлігінің алдында тағы бір арнайы техника жүруі керек екен. Сондықтан бұл мәселені әлі терең зерделеу қажет. Әзірше, біржақты шешім қабылдауға келмейді деп ойлаймын. Сондай-ақ, әр қаланың өз ерекшеліктері болады. Оны да ескеру керек. Бір аула екіншісіне ұқсамайды. Сол себепті бәріне бірдей ереже шығару қисынға келмейді.
Болатбек ҚАБАЙ, Екібастұз қаласының тұрғыны:
– Әрине, адам өмірі бәрінен маңызды. Десе де, өз басым билік тарапынан азаматтардың көліктерін қоятын жағдай жасамай, кедергілерді басып-жаншып өтуге бірден рұқсат беруге қарсымын. Бүгінде автокөлік — байлықтың емес, қажеттіліктің құралы. Сондықтан маңдай терімен алған мүлкін зақымдауға жол беруге болмайды деп есептеймін. Кез келген адам кедергі келтірейін деп көлігін үйінің маңына қоймайды. Басқа көлік тұрағының болмауынан іргеге қоюға мәжбүр. Әлбетте, аркадан өтер жолға немесе басқа да көліктердің жүруіне бөгет болатын жерге қоюға тыйым болуы тиіс. Мұндай жағдайларды төтенше жағдайларға дейін реттеп отыру керек.
Қазіргі кезде қай қаланы алсаңыз да, көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы көлікке толып тұр. Басқа апарып қоятын орындар тапшы. Бәлкім, енді салынатын жаңа үйлерде кең автотұрақ болуын немесе паркинг қарастырылуын заңмен бекіткен дұрыс шығар. Ал ескі үйлердің қасында көлік қоюға болмайтын аса күрделі жерлерді қызыл аймақ ретінде белгілеген жөн бе деп ойлаймын.
«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
