Мүсінші, суретші Марат Әбілқасымов: «Маңдай термен жасалған дүниенің өз бағасы болуы керек»

Там 20, 2026

Мүсіншілік – бейнеті мен жауапкершілігі қатар жүретін өнер. Әр материалдың өзіндік мінезі бар: ағашты игеру үшін төзім мен уақыт қажет болса, мұзбен жұмыс істегенде ауа райының қолайлы болуы аса маңызды. Ал бетон мен тасқа келгенде мүсіншіден дәлдік пен кәсіби шеберлік талап етіледі. Осындай түрлі материалмен жұмыс істеп, талай жылын шығармашылыққа арнаған павлодарлық мүсінші Марат Әбілқасымов  — бала кезден сурет пен мүсін өнеріне қызығып, бүгінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған шеберлердің бірі. Ол ағаштан мүсін жасаудан бастап, мұз қалашықтарын әзірлеуге, тарихи тақырыптағы композицияларды сомдауға дейінгі жұмыстарды атқарып келеді. Жуырда мүсіншімен өнерге келу жолы, шығармашылық ізденісі және мүсін өнерінің болашағы жайында әңгімелестік.

– Марат Әбілқасымұлы, мүсіншілік саласына қалай келіп едіңіз? Әңгімемізді осы сауалдан бастасақ…

– Негізі, суретшілік пен мүсіншілікке бала кезден қызы-ғушылығым болды. Бала күнімде қолыма түскен ағашты, сазды, басқа да заттарды пайдаланып, бір нәрсе жасауға әуес болдым. Сол қызығушылық кейін келе шығармашылық бағытқа ұласты.

Ал алғашқы ағаш мүсінімді 1988 жылы туған жерім – Май ауданындағы Май ауылында, қазіргі Қаратерек ауылында жасадым. Ол кезде бұл жұмысты үлкен шығармашылық дүние деп ойлаған жоқпын. Дегенмен, сол мүсіннің бүгінге дейін сақталып, ауыл сыртында стелла ретінде тұрғанымен үшін қуанышты жағдай. Уақыт өте келе кей азаматтар мүсінді бүлдіріп, сындырған кездері де болды. Сондықтан жергілікті мүсіншілер оған аздап өзгерістер енгізді. Бірақ бастысы – сол еңбектің ізі сақталып қалды.

Кейін 2004 жылы бетоннан бір дәмханаға арнайы мүсін жасадым. Біраз уақыт жиһаз орталығының кәдесыйлар бөлімінде басшылық қызмет атқардым. Арасында «Павлодар Арбаты» деген суретшілер бірлестігінде де жұмыс істедім. Онда қылқалам шеберлері сурет салып, өз туындыларын келушілерге ұсынып, сататын. Өзім келушілерге бірден автопортрет салып беретінмін. Бұл да өз алдына зор тәжірибе болды.

2000 жылдары жұмыс орным жабылғаннан кейін суретшілік негізгі кәсібіме айналды. Сол кездердің бірінде бізге бір азамат келіп, ағаштан барыстың бейнесін жасау керектігін, оны кім жасай алатынын сұрады. Алайда көпшілік үнсіз қалды. Содан «өзім жасап көрейін» деп шештім.

Алдымен барыстың басын жасап көрдім. Бір аптадан кейін әлгі азамат қайта келіп, жұмыстың жақсы шыққанын айтты. Сөйтіп, енді жануардың толық бейнесін жасауды ұсынды. Осылайша, бір жұмыстан басталған дүние кейін үлкен бағытқа айналды. Сол кезден бастап шамамен 8 жыл бойы ағаштан мүсін жасадым. Ағашпен жұмыс істеу арқылы мүсін өнерінің қыр-сырын тереңірек меңгердім. Жалпы, осы уақыт ішінде жасаған дүниелерім аз емес.

– Білуімізше, мүсіншіліктен бөлек, мұз қалашықтарын да дайындаған екенсіз…

– Мұздан мүсін жасау да – өзіндік ерекшелігі бар өнер. Дайын мұздан белгілі бір фигураларды ойып, композиция жасаймыз. Сондықтан мұзбен жұмыс істеуді де мүсіншіліктің бір бағыты деп қарауға болады.

Әрине, оның қиындықтары баршылық. Бастысы – ауа райы. Кейде қатты аязда, боранда жұмыс істеуге тура келеді. Сыртта ұзақ уақыт тұрып жұмыс істеу оңай емес. Оның үстіне мұздың да өз ерекшелігі бар, онымен жұмыс істегенде мұқият болу керек.

Мысалы, мұзды ою барысында оның үстіне ыстық су құйсаңыз, бірден жарылып кетуі мүмкін. Ал күн жылынып кетсе, мұз ери бастайды немесе бір-біріне дұрыс жабыспай қалады. Сондықтан ауа температурасының тұрақты болғаны маңызды. Біз үшін шамамен -8 градустан -18 градусқа дейінгі ауа райы жұмыс істеуге қолайлы болды.

Дегенмен, қиындыққа қара-мастан, мұздан дайын болған үлкен композицияны көргенде еңбектің нәтижесіне қуанасың. Бірнеше күн, кейде бірнеше апта жасаған жұмысыңды адамдар қызығушылықпен тамашалап жатса, соның өзі үлкен марапат деп ойлаймын.

– Мүсін жасауға идеяны қайдан аласыз?

– Идея әртүрлі келеді. Кейде тапсырыс берушінің ұсынысы негізінде жұмыс істесең, кейде өзің белгілі бір дүниеге қарап, ой түйесің. Әсіресе тарихи тақыр-ыптағы мүсіндерге келгенде ізденіс қажет.

Тарихқа байланысты мүсін жасайтын болсам, алдымен ғаламтордан, кітаптардан ақпарат іздеймін. Ғылыми және әдеби еңбектерді қараймын. Себебі тарихи тұлғаның немесе белгілі бір оқиғаның бейнесін жасау үшін тақырыпты жақсы түсіну керек. Сыртқы бейнесін ғана емес, сол адамның өмір сүрген кезеңін, мінезін, болмысын да зерттеген жөн.

Жұмыстарымның көпшілігі ашаршылық жылдарына, батырлар бейнесіне арналды. Мұндай тақырыптарға немқұрайлы қарауға болмайды. Өйткені тарихи тақырыптағы әр мүсін – өткенді бүгінгі ұрпаққа жеткізудің бір жолы. Сондықтан мұндай жұмыстарды жасағанда жауап-кершілікті сезінесің. Ал кейбір шағын мүсіндерге идея іздеудің қажеті болмайды. Қолға материалды алған кезде-ақ не жасау керектігі ойға келіп жатады.

 

– Шығармашылығыңыз қандай тақырыптарға жақын?

– Нақты бір тақырыпқа ғана жақынмын деп айта алмаймын. Себебі менің жұмысым көбіне келіп түсетін тапсырыстарға байланысты. Әртүрлі тақырыптағы дүниелерді жасауға тура келеді. Дегенмен, қазақы үлгідегі, ұлттық нақыштағы дүниелерге тапсырыс түссе, қуана-қуана жасаймын. Өйткені ұлттық дүниелердің өзіне тән ерекшелігі бар. Ондай мүсіндерде қазақ халқының тұрмысын, салт-дәстүрін, тарихын көрсетуге мүмкіндік болады.

Меніңше, мүсінші үшін маңыздысы – белгілі бір тақырыпқа байланып қалмай, келген жұмыстың мәнін түсініп, оны сапалы орындау. Әр мүсіннің өзіндік тарихы мен мақсаты болады.

– Қай материалмен жұмыс істеу сізге ыңғайлы?

– Материалдарға келетін болсақ, бұрын ағашпен көп жұмыс істедім. Бірақ қазір ағашпен жұмыс істемеймін. Себебі ағаштан мүсін жасау оңай емес. Біріншіден, көп уақытты алады. Екіншіден, ағаштың өзін таңдау, оның құрылымын зерттеу, қай жерін қалай ойып шығу керектігін есептеу керек.

Мысалы, ағаштың орнына бетонмен жұмыс істесем, 3 айлық жұмысты бір айдың ішінде аяқтауға болады. Сондықтан уақыт жағынан да, жұмыс процесі жағынан да бетон маған ыңғайлырақ. Сол себепті ағашпен жасауды тоқтаттым. Бүгінде негізінен бетонмен жұмыс істеймін. Ал өзіме мұзбен жұмыс істеу де ұнайды. Мұздың сынған бөліктерін бір-біріне жабыстырып, аз уақыттың ішінде қайта қалпына келтіруге болады. Бұл көп уақытты алмайды.

Жалпы, әр материалдың өз ерекшелігі бар. Ағаш пен тас төзімділікті талап етеді, ал мұзбен жұмыс істеудің басты ерекшелігі – оның температураға тәуелділігі.

– Бір мүсінді жасауға қанша уақыт кетеді?

– Бір мүсінді жасауға нақты қанша уақыт кететінін бірден айту қиын. Өйткені әр жұмыстың көлемі мен күрделілігі әртүрлі. Алдымен мүсіннің қандай материалдан жасалатынына назар аудару керек. Мәселен, жоғарыда атап өткенімдей, ағаштан жасалатын мүсіндер көп уақытты алады. Себебі ағашты біртіндеп ойып, қажетті пішінді шығару керек. Тастан немесе бетоннан жасалатын мүсіндерге орташа уақыт кетеді. Ал салыстырмалы түрде аз уақытты қажет ететіні – мұз өнері.

Әрине, уақытпен қатар сапа да маңызды. Кейде жұмысты тез аяқтауға болады, бірақ асыққан кезде мүсіннің ұсақ детальдарына көңіл бөлу қиындайды. Сондықтан бастысы – жұмыстың сапалы шығуы.

– Өзіңіз жасаған ерекше мүсін немесе мұз композициясы қайсы?

– Ерекше мүсін ретінде Павлодар қаласының орталығында орналасқан «Ашаршылыққа тағзым» атты экспозицияны айта аламын. Бұл жұмысты жасау көп уақытты талап етпеді, себебі бізге аз ғана уақыт берілді. Соған қарамастан, жұмысты сапалы аяқтауға тырыстық.

Мен үшін бұл туындының ерекшелігі – оның көтеріп тұрған тақырыбында. Ашаршылық – халқымыздың тарихындағы ауыр кезеңдердің бірі. Сондықтан мұндай тақырыпты мүсін арқылы жеткізу зор жауапкершілікті талап етеді.

Мүсінші ретінде өзіңнің жұмысыңды жасап қана қоймай, оның көрерменге қандай ой салатынын да ескеруің керек. Егер адам мүсінге қарап, тарих туралы ойланса, оның мақсаты орындалды деп есептеймін.

– Мүсін өнерінің бола-шағын қалай елестетесіз?

– Қазіргі уақытта шығар-машылықта еңбек етіп жүрген азаматтарға оңай емес. Әсіресе, майлы бояумен жұмыс істейтін суретшілерге қиындық көп. Себебі олардың еңбегі кейде лайықты бағаланбай жатады.

Өкінішке қарай, бүгінде шетелден келетін арзан дүниелерге сұраныс жоғары. Ал жергілікті суретшілердің көз майын тамызып, ұзақ уақыт еңбектеніп жасаған құнды дүниелері кейде тиісті бағасын ала алмай жатады. Бұл, әрине, өкінішті.

Мүсін өнеріне келетін болсақ, әзірге тапсырыстар баршылық. Сондықтан бұл бағытта жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Бірақ уақыт та, сапа да өзгеріп жатыр. Қазір мүсінді арнайы принтер құрылғысымен де дайындауға болады. Дегенмен, нағыз қолмен, маңдай термен жасалған дүниенің өз бағасы болуы керек деп ойлаймын. Өйткені мүсіншінің еңбегінде оның уақыты, тәжірибесі, ізденісі және шеберлігі жатыр. Бір дүниені қолмен жасап шығару мен оны құрылғы арқылы басып шығару – екі бөлек нәрсе. Технологияны жоққа шығармаймын. Бірақ дәстүрлі қолөнер мен кәсіби мүсіншілік те өз бағасын жоғалтпауы керек. Бұл өнердің болашағы үшін маңызды.

– Қазіргі кезде қандай жоба бойынша жұмыс істеп жатырсыз?

– Қазіргі уақытта алдын ала түскен тапсырыстар бойынша жұмыс істеп жатырмын. Соның бірі – Баянауыл ауданына арнайы жасалатын асық үлгісіндегі мүсін.

Асық – халқымыздың ұлттық ойындарымен, балалық шағы-мызбен байланысты дүниелердің бірі. Сондықтан оның үлгісіндегі мүсін жасау да қызықты жоба болып отыр. Мұндай жұмыстардың ерекшелігі – қарапайым дүниенің өзінен үлкен композиция жасауға болады.

Алдағы уақытта да түрлі тапсырыс бойынша жұмыс істей беремін. Бастысы – қандай материалмен жұмыс істесең де, өз ісіңе жауапкершілікпен қарап, сапалы дүние жасау. Өнерде еңбектің нәтижесі бірден көрінбеуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе жақсы жасалған туынды өз бағасын бәрібір алады деп ойлаймын.

— Әңгімеңізге рақмет!
Өнеріңізге тек шығар-машылық табыстар тілей-
міз!

Сұхбаттасқан – Айдана БОРАНБАЕВА.