2026 жылы 15 наурызда жалпыұлттық референдумда қабылданған Жаңа Конституцияда «Заң мен тәртіп» қағидаты еліміз үшін айрықша маңызға ие. Бұл туралы өз кезегінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып өткен болатын. Қазірде елімізде бұл қағидат нақты өмірде көрініс табуда.
Президент қазір елімізде түбегейлі өзгерістерді қолға алынып, ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеген еді.
– Наурыз айында өткен республикалық референдумда жаңа Конституциямызды қабылдадық. Осылайша, ел тарихының жаңа парағын аштық. Біздің түпкі мақсатымыз – «Заң мен тәртіп» қағидаты берік орныққан қауіпсіз және әділетті қоғам құру. Жас ұрпаққа, яғни сіздерге өркениетті, беделді, дамыған мемлекетті аманат етіп қалдыру. Осы жолда бәріміз табанды еңбек етуіміз керек. Ал Отанға қызмет қарапайым дүниелерден басталады. Тал егу, айналаңды таза ұстау арқылы елге пайдалы болуға, яғни ұлтқа қызмет етуге болады. Мен жастардың, еріктілердің елімізді көркейтуге қосқан орасан зор үлесін жоғары бағалаймын. Адал еңбектеріңізді ерекше құрметке лайық деп санаймын. Тазалық – ең алдымен, ішкі мәдениеттің өлшемі. Ой-ниеті және ары таза адам ешкімге ешқашан қиянат жасамайды, ондай адам елін де сатпайды. Тәртіпке бағынып, түзу жолдан да адаспайды. Айналасына қамқор, жақындарына жанашыр болады. Елдің көшін алға бастап, ұлт сапасын жақсартуға атсалысады. Мен бәріңізді дәл осындай азамат деп есептеймін,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жуырда Үкімет басшысы Олжас Бектенов «Заң мен Тәртіп» қағидатын бекіту өзінің нәтижесін көрсетіп отырғанын атады. Атап айтқанда, құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту, самокаттар мен скутерлер пайдалануды реттеу, көлік жүргізушілерін даярлау, жасырын патрульдеу жол-көлік оқиғаларының санын азайтты.
Жаңа Конституцияда «Заң мен Тәртіп» қағидаты негізгі құндылықтардың бірі ретінде бекітілгенін, заң нормалары мен ережелерді қатаң сақтау – әрбір азаматтың міндеті екенін атап өтті.
«Жаңа Конституцияда «Заң мен Тәртіп» қағидаты негізгі құндылықтардың бірі ретінде бекітілді. Заң нормалары мен ережелерді қатаң сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Жол қауіпсіздігі Мемлекет басшысының әрдайым ерекше назарында. Адамның өмірі мен денсаулығы жол үстіндегі мінез-құлық мәдениетіне тікелей байланысты», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биыл жол-көлік оқиғаларының саны төмендеген. Елді мекендермен қатар, олардан тыс күре жолдарда да оң динамика байқалып отыр. Қаза тапқандар мен жарақат алғандар саны да азайған. Мұның барлығы жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстарының нәтижесі. Премьер-министр жолдағы қауіпсіздікті күшейту және ережелердің сақталуын бақылау жүйесін жетілдіру бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталды.
«Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірқатар заңнамалық нормалар қабылданды. Жол ережелерін бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік күшейтілді. Самокаттар мен скутерлерді пайдалану, көлік жүргізушілерін даярлау және жасырын патрульдеу тәртібі ретке келтірілді. Интеллектуалды жүйелер енгізіліп жатыр. Қазіргі таңда еліміздің жолдарындағы қауіпсіздікті 30 мыңнан астам камера қадағалайды», — деді Олжас Бектенов.
Жалпы ахуалдың жақсарғанына қарамастан, елімізде жол апаттарының деңгейі жоғары күйінде қалып отыр. Осыған байланысты бұл бағыттағы жұмыстар күшейтіледі.
Нұрбол Қанатбекұлы.
