Көшелерде, қоғамдық орындарда жеке мен мемлекеттің мүлкіне түрлі жазу қалдыру деректері көптеп кездеседі. Бірі тентектікпен жазба қалдырса, енді бірі қасақана түрде түрлі зиянды заттарды жарнамалап кетеді. Мүлікті бүлдірумен, тазалыққа зиян келтірумен бірге жас ұрпақтың санасын улайтын ақпарат ретінде де бұл әрекеттермен күрестің маңызды екені сөзсіз.
Толық тыйым ұсынылды
Дәл осындай өрескел қадам-дарға баратындармен алдағы уақытта күрес күшейтілмек. Үкімет деңгейінде пәрмен де берілді. Ол үшін заңнамалық тұрғыдан өзгерістер енгізілмек. Нақтысы, Үкіметте өткен жиын-дардың бірінде ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұл бағытта заңнаманы жетілдіруді ұсынды. Яғни, қоғамдық ғима-раттарға жазбалар мен суреттер салуға толық тыйым салуды алға тартты. Мұндай бұзушылықтар үшін әкімшілік жаза қарастыруды ұсынды. Премьер-Министр Олжас Бектенов вандализм мен қасақана бұзақылықтың жолын кесу бойынша жұмыстың маңыздылығын айтып, минис-трлікке граффитидің барлық түріне толық тыйым салу мақсатында заңнамаға өзге-рістер енгізу бойынша ұсыныс дайындауды тапсырды.
Әйтпесе, бүгінде түрлі шимай жазу, заңсыз жарнама айналадағы көрікті жерлердің сиқын кетіріп, залал келтіруде. Тіпті, мәдени мұра ескерткіштерін, табиғи нысандарды қорлау деректері де белең алуда. Министрліктің мәліметінше, осы мазмұндағы әрекеттерге қатысты 11 қылмыстық іс тергелген. Еліміздің еріктілерімен бірлесіп, құзырлы орган 80 мыңнан астам түрлі жазулар мен суреттерді өшірген. Оның ішінде қоршауларға есірткі заттарын сататын интернет-дүкендердің сілтемелерін (Telegram-ка-налдар, сайт атаулары немесе QR-кодтар) жасырын жазып кету әрекеті де бар. Еліміз бойынша есірткіні насихаттағаны және жарнамалағаны үшін
81 қылмыстық іс қозғалып, 19 адам сотталған.
Бұл заңсыздықпен күреске Құрылтай депутаттары да ой қосуда. Мәселен, Құрылтай депутаты Мейрамбай Кемалов көшедегі вандализммен және заңсыз граффитимен күрес-
тің қосымша шараларын қабылдау ұсынды. Ол бұған дейінгі әкімшілік жазаларға қарамастан бұзақылық тыйылмай тұрғанын алға тартты. Депутат көшедегі вандализмге ықпал ететін бірқатар факторларды атап өтті.
– Біріншіден, вандализм әрекеттерін және бұзақыны ізін суытпай анықтауда жеделдік әлі төмен. Осыдан жазаланбаған соң жалғаса береді. Мұндай әрекеттерді әккілер, әдетте, санаулы минуттарда, негізінен түнгі уақытта, бетін бүркемелеп жасайды. Көбінде осындай ойларын нысандардың қас-
беттеріне, аялдамаларға, жерасты өткелдерінде немесе басқа да қоғамдық орындарда іске асырады. Екіншіден, заңды стрит-артқа арналған арнайы аймақтық жетіспеушілігі әсер етеді, – деді депутат.
Сондай-ақ, ол өз бетімен графикалық немесе өзге де суреттерді қоғамдық орындарда, ғимараттардың қасбетіне салуға толық тыйым салу қажет деген пікірде. Депутат ішкі істер министрлігі «Вандализмге бейім аймақтар» картасын әзірлеуді ұсынып отыр. Содан кейін вандализм қаупі жоғары аймақтарда тәулік бойғы бейнебақылау қамтамасыз етілуі тиіс. Құрылтай депутатының пікірінше, қолданыстағы цифрлық жүйелерді тиімді пайдалану арқылы да күресті күшейту керек. Жастарға мұндай әрекеттердің заңсыздығын, қоғамға зиянын түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы да алдын алуды айтты. Заңды стрит-арт аймағын қарастыру да мәселені реттеуге өзіндік септігін тигізеді деп күтілуде.
Секем алатын сілтемелер
Облысымызда да осы бағытта жұмыстар жүргізілуде. Алайда, облыстық полиция департаменті Қоғамдық қауіп-сіздік басқармасы бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Арман Қаптаевтың айтуынша, заңсыз граффити, әсіресе, есірткі құралдарын насихаттайтын және интернет-дүкендерге сілтеме жасайтын жазбалар өзекті мәселе болып отыр.
– Полиция тарапынан мұндай жазбаларды анықтау және жою жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Мысалы, қазіргі таңда облысымызда полиция қызметкерлері мен ерікті-лердің қатысуымен өткізілген 237 іс-шара барысында 119 граффити жазбасы боялып, жойылды. Заңсыз граффити салғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша 12 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы жұмыс аясында учаскелік полиция қызметкерлері еріктілермен бірге тұрғын үйлердің аулаларын аралап, әр түрлі мазмұндағы жазбаларды анықтау және тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, – дейді департамент өкілі.
Құзырлы органның мәлім-деуінше, қазіргі кезде заңсыз жазбалардың ең қауіпті түрі – есірткі жарнамасы сипатындағы граффити. Себебі, онда ғаламтор-дүкендердің атаулары, мессенджерлердегі аккаунттар, байланыс деректері немесе есірткі сатып алуға мүмкіндік беретін ғаламтор-ресурстарға сілтемелер көрсетілетін көрінеді. Мұндай жазбалар жастарды есірткі айналымына тарту, соның ішінде «жеңіл ақша» табу мақсатында есірткі курьері ретінде жұмыс істеуге қызықтыру мақсатында түрлі орындарда қалдырылады. Демек, айналаның көркін бұзудан бұрын өскелең ұрпақтың өміріне қаупі көп болып отыр. Сондықтан мамандар мұндай граффитиді жай ғана қабырғадағы жазу ретінде қарастыруға болмайтынын айтады. Өйткені оның артында заңсыз есірткі айналымын насихаттау немесе жарнамалау мақсаты тұруы мүмкін.
Заңсыз әрекеттермен полиция қызметкерлері қолдағы бар тетіктер арқылы күресуде.
– Бұл жұмыстар бірнеше бағыт бойынша ұйымдастырылуда. Біріншіден, полиция қызмет-керлері тұрақты түрде көшелерді, аулаларды және қоғамдық орындарға мониторинг жүргізеді. Екіншіден, тұрғындардан келіп түсетін ақпарат тексеріледі. Үшіншіден, полиция еріктілермен, жастар ұйымдарымен, мүлік иелері ұйымдарымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, анықталған жазуларды бояп, жоюға күш салады. Сонымен қатар, жазуды жоюмен ғана шектелмей, оны салған адамдарды анық-тауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіледі, бейнебақылау камераларының жазбалары зерделенеді, – дейді Арман Қаптаев.
Құзырлы орган анықтап қана қоймай, заңсыз әрекетке барған азаматтарды жауапкершілікке тартуда. Яғни, заңсыз граффитидің мазмұны мен жасалу жағдайына қарай жауапкершілік түрі әртүрлі болады.
– Егер граффити есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтары мен прекурсорларын насихаттау немесе заңсыз жарнамалау ретінде сараланса, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 299-1-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды. Ал егер ғимараттарды, құрылыстарды немесе қоғамдық орындарды бүлдіруге байланысты әрекеттер жағдайға қарай әкімшілік жауаптылыққа әкелуі мүмкін. ІІМ жүргізген республикалық профилактикалық іс-шаралар барысында ғимараттар мен қоғамдық орындардың мүлкін қорлау бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар да анықталған, –
дейді департамент өкілі.
Осы орайда, полиция қызметкерлері жастарға «бірнеше сөз жазып қойдым, бұл үшін жауапкершілік болмайды» деген түсініктің қате екенін ескертеді.
Департамент мамандары заңсыз граффити жазуларының көбінесе адамдар көп жүретін және жазуды бірден байқамау немесе ұзақ уақыт сақталу мүмкіндігі бар орындарға салатынын айтады. Яғни, көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері, аулалардағы қабырғалар мен қоршаулар, аялдамалар, қараусыз қалған ғимараттар мен құрылыстар, оқу орындарына жақын аумақтарға жазуға бейім. Бұл ретте, полиция жазбаларды мүмкіндігінше тез анықтап, жою ғана емес, олардың авторларын анықтап, заңда көзделген жауапкершілікке тартуға маңыз береді. Қабырғадағы жазуды ғана өшіру емес, оның артында тұрған заңсыз әрекеттің жолын кесуге күш салады. Бұл жұмыста полиция тұрғындардың көмегі өте маңызды екенін айтады. Секем тудыратын граффити немесе есірткі жарнамасын көрген жағдайда азаматтар дереу полицияға 102 арқылы хабарласа, қоғам үшін қауіпті жағдайдың алдын алуға септігін тигізеді.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
