Ваучерлік қаржыландыру не берді?

Қаз 8, 2026

Біраз уақыт бұрын елдегі мектепалды мекемелерге кезең-кезеңімен ваучерлік қаржы-ландыру жүйесі енгізілген болатын. Оған Павлодар қаласындағы балабақшалар да қосылған еді.

Бүгінде аталған жаңа жүйе не берді? Ата-аналарға нені үйретті? Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қандай тәртіп орнатты? Сондай-ақ, облысымызда балғындарды балабақшамен қамту жұмыстары қандай деңгейде? Осы сұрақтарға шолу жасап көрген едік.

Кезек қысқарып, орын көбейді

Мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін арттыру – білім саласындағы маңызды міндеттердің бірі. Облысымызда осы бағытта жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Атап айтқанда, жаңа орындар ашылып, балғындарды балабақшамен қамту көрсеткішін арттыруға басымдық берілуде.

Бүгінгі таңда аймақ бойынша 388 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Онда 33,5 мыңнан астам бала тәрбиеленіп, білім алуда. Қуантарлығы, өңірімізде 2 жастан
6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту деңгейі 95,5 пайызға, ал 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту көрсеткіші 100 пайызға жеткен. Мектепалды даярлықпен шамамен 11 мың бала қамтылған. Соған қара-мастан, кезекті қысқарту жұмыстары үздіксіз жалғасуда. Облыстық білім беру басқармасы өкілдерінің айтуынша, жыл соңына дейін мектепке дейінгі білім берумен қамтуды 98,8 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұл ретте, Екібастұз қаласында 140 орындық арнайы балабақшаның ашылуы да өз әсерін тигізбек.

Айта кетерлігі, аймақтағы мектепалды мекемелерде әлеуметтік қолдау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мектепке дейінгі ұйымдарда әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар 100 пайыз тегін тамақпен қамтамасыз етілуде. Қазіргі таңда мұндай қолдаумен шамамен 3,2 мың бала қамтылған.

Алайда балабақша орындары мәселесі бір өңірдің ғана емес, бүкіл ел үшін күн тәртібінде тұр. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, соңғы үш жылда қадамдық жоспар аясында елімізде жаңа мектепке дейінгі 231,8 мың орын ашылған. Ал 2027 жылдың соңына дейін тағы 68,2 мың орын ашу жоспарланып отыр.

Демек, алдағы екі жылда ата-аналарды алаңдататын негізгі мәселелердің бірі – орын тапшылығын одан әрі азайту ісі оң шешімін таппақ.

Ата-ана нені білуі тиіс?

Мектепке дейінгі білім беру саласындағы елеулі өзгерістің бірі –
ваучерлік қаржыландыру жүйесінің енгізілуі екенін білеміз. Ал бұл жүйеге Павлодар қаласындағы 83 мектепке дейінгі ұйым 2025 жылғы мамырдан бастап бекітілген кестеге сәйкес көшірілді. Оның ішінде 74 мемлекеттік және 9 жекеменшік ұйым бар.

Ваучерлік қаржыландыруды іске асыру кезеңінде Павлодар қаласында барлығы 23 100 ваучер берілген. Оның 22 363-і жалпы білім беретін балабақшаларға, 459-ы арнайы және 278-і санаторлық үлгідегі балабақшаларға тиесілі.

Жүйенің енгізілуімен балабақша кезегі де қайта қаралып, өзектен-дірілген. Басқа қалаға көшіп кеткен немесе мектепке дейінгі ұйымдағы орынға қажеттілігі болмай қалған ата-аналардың өтініштері кезектен шығарылған.

Бүгінде мектепке дейінгі ұйымдардан орын алу кезегінде 0-ден 5 жасқа дейінгі 2 196 бала тіркелген. Оның 2 179-ы – 2 жасқа дейінгі, ал 17-сі –
2 жастан асқан балалар. Сонымен қатар, жүйеде 1 600-ден астам бос ваучер бар.

Ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы 2026 жылдың соңына дейін ұзартылды. Алдағы уақытта оны облыстың басқа қалалары мен аудандарына кезең-кезеңімен кеңейту жоспарланып отыр.

Ел көлемінде де жүйе ауқымы кеңейіп келеді. Қазір ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы 20 қала мен 23 аудандағы шамамен 6 мың мектепке дейінгі ұйымда іске асырылып жатыр. Жоба аясында
1,2 миллионнан астам ваучер берілген.

Бұл жерде мәселенің екінші қыры да бар. Ваучер ата-анаға таңдау мүмкіндігін бергенімен, оны сақтау үшін белгіленген талаптарды орындауы қажет. Әйтпегенде, одан айырылып қалу қаупі де барын айта кеткен жөн. Сол үшін алдымен ваучер алған ата-ана оны 2 жұмыс күні ішінде растауы керек. Одан кейін 5 жұмыс күні ішінде мектепке дейінгі ұйымды таңдап, шартқа қол қоюы қажет. Егер ваучер белгіленген уақытта расталмаса, өтініштің мәртебесі «белсенді емес» деп өзгертіледі. Мұндай жағдайда оны 28 күнтізбелік күн ішінде бір рет қайта қалпына келтіруге мүмкіндік беріледі.

Ал ваучерден бас тартылған жағдайда кезектегі өтініш жойылады. Ата-ана үшін тағы бір маңызды талап – баланың балабақшаға қатысуын растау. Егер мектепке дейінгі ұйымда баланың қатысуын автоматты түрде есепке алатын электронды жүйе болмаса, ата-ана келесі айдың 1-і мен 10-ы аралығында ЭЦҚ арқылы қатысу табелін растауы тиіс. Белгіленген мерзімде табель расталмаса, ол автоматты түрде расталған болып есептеледі. Бірақ мұндай мүмкіндік қатарынан екі айдан артық берілмейді. Егер ата-ана екі айдан артық уақыт бойы табельді растамаса, ваучер жойылады. Осы талаптардың енгізілуі кездейсоқ емес, дейді мамандар. Ваучерлік жүйеде бюджет қаражаты баланың балабақшаға нақты барғаны ата-ана тарапынан расталғаннан кейін ғана төленеді. Бұған қоса, балабақшалар ұсынған мәліметтер де тұрақты бақылауда болады. Қазақстанда ваучерлік қаржыландыруға қатысатын мектепке дейінгі ұйымдардың деректері тоқсан сайын тексеріледі. Егер балабақшада іс жүзінде бармайтын балалар тіркелгені немесе жалған мәлімет енгізілгені анықталса, ұйымды ваучерлік жүйеден шығару қарастырылады. Тексеру жұмыстарын Қаржы орталығы тоқсанына бір рет жүргізеді. Министрліктің мәліметінше, пилоттық жоба аясында 35 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделген екен.

*  *  *

Міне, өздеріңіз куә болғандай, ваучерлік қаржыландыру аясында балабақшада кезек қысқарады, орын көбейеді, бақылау күшейеді. Ең бастысы, мектепалды мекемеге берілетін әр теңге қатаң қадағаланып, ата-ананың да жауапкершілігі артады.

Нұржайна ШОДЫР.