Қарапайым қызметкер үшін кәсіподақ ұйымының маңызы зор. Бұл ұйым еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғап қана қоймай, оның әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етеді. Күнделікті еңбек барысында орын алып, көлеңкеде көрінбей қалатын көп мәселенің шешімін кәсіподақ тауып жатады. «Павлодарэнерго» энергетика жүйесі қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Балтабек Төлеубаевпен сұхбаттасып, ұйымға жүктелген міндеттемелер жайында әңгімелестік.
— Балтабек Көбетайұлы, сіз басқарып отырған энергетика жүйесі қызметкерлері кәсіподағының негізгі міндеттері қандай?
— Энергетика – еліміздегі стратегиялық маңызды салалардың бірі. Электр энергиясы мен жылудың үздіксіз берілуі, кәсіпорындардың тұрақты жұмысы осы сала қызметкерлерінің кәсібилігі мен жауапкершілігіне тікелей байла-нысты. Ал олардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау – кәсіподақтың басты міндеті. Бүгінде «Павлодарэнерго» энергетика жүйесі қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы жеті кәсіпорында қызмет ететін екі мыңға жуық адамды біріктіреді. Негізгі міндетіміз – қызметкерлердің еңбек, әлеуметтік және экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау. Бүгінгі таңда кәсіподақ тек туындаған мәселелерге жауап беріп қана қоймай, болашақтағы проблемаларды алдын ала болжап, олардың шешімін ұсынып келеді.
— Қазіргі уақытта қандай мәселені ерекше маңызды деп санайсыздар?
— Қазір біз энергетика ұйым-дарында, атап айтқанда табиғи монополиялар субъектілерінде еңбек ететін қызметкерлерді әлеуметтік қолдау мәселесіне ерекше назар аударып отырмыз. Энергетика қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істейді және жоғары жауапкершілікті талап ететін салада еңбек етеді. Олар халық пен кәсіпорындарды электр энергиясы және жылумен үздіксіз қамтамасыз етеді. Сондықтан мұндай қызметкерлердің еңбек жағдайы мен саланың ерекшелігін ескеретін тұрақты әлеуметтік пакет қажет деп санаймыз. Біздің кәсіподақ осы бағытта заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Көптеген әлеуметтік мәселелер бүгінде кәсіпорындар мен ұжымдық шарттар деңгейінде шешіледі. Бірақ біз жүйелі әрі бірыңғай тәсіл болғанын қалаймыз.
— Жұмыс берушілермен қарым-қатынастарыңыз қандай деңгейде?
— Біз барлық мекеме, кәсіп-орындармен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Себебі, әр қызметкер еңбегінің маңыздылығына сай әлеуметтік тұрғыда қорғалуы қажет. Жалпы, энергетика – елдің экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығы үшін аса маңызды сала. Мұнда қызметкерлер кәсіби білімімен қатар, жоғары тәртіп пен жауапкершілікті талап ететін жағдайда жұмыс істейді. Сондықтан әлеуметтік қолдау жеке кәсіпорындардың мүмкіндігіне ғана тәуелді болмай, заңнамалық тұрғыдан бекітілгені дұрыс деп есептейміз. Егер мәселе бір кәсіпорын деңгейінде шешілмесе, кәсіподақ оны жұмыс берушілермен, мемлекеттік органдармен, сала өкілдерімен және депутаттық корпуспен талқылауы тиіс. Біз жұмыс берушілермен ашық әрі сындарлы диалог орнатуға тырысамыз. Еңбекақы, еңбек жағдайы, әлеуметтік кепілдіктер, қауіпсіздік және басқа да маңызды мәселелерді бірлесіп талқылаймыз. Тараптар бір-бірін тыңдай білгенде, ортақ шешімге келу де оңай болады.
— Кәсіподақ ұйымы жұмыс-керлердің жеке даму жағдай-
ына да көңіл бөлетін шығар…
— Иә, тәрбиелік бағыттағы жұмыстар бар. Әсіресе, спортты біз қызметкерлерді біріктіретін маңызды бағыттардың бірі деп санаймыз. Биыл шаңғы жарыстары, көктемгі және күзгі кросс, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, жүзу, нысана көздеу, бильярд және басқа да спорт түрлерінен жарыстар өткізілді. Қызметкерлердің спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау үшін футбол алаңын, бассейндерді, үстел теннисі мен тренажер залын жыл бойы пайдалануға мүмкіндік жасап келеміз. Жақында «Павлодарэнерго» командасы Орталық Азия электроэнергетика корпорациясы спартакиадасының чемпионы атанды. Бұл – біздің ұжымның бірлігі мен командалық рухтың ең жақсы көрсеткіші.
— Жастар мен ардагерлерге қандай көңіл бөлесіздер?
— Жастар – энергетиканың да, кәсіподақ қозғалысының да бола-
шағы. Сондықтан жастардың кәсіподақ жұмысына белсенді араласуына, бастама көтеріп, өз ұсыныстарын білдіруіне мүмкіндік беру маңызды. Ал ардагерлер – біздің тәжірибеміз бен дәстүріміздің сақтаушылары. Ұрпақтар сабақтастығы энергетика саласының маңызды құндылықтарының бірі.
— «Маған кәсіподақ не үшін керек?» деген сұрақ қоятын қызметкерге не айтар едіңіз?
— Кәсіподақ адам қиындықпен жалғыз қалмауы үшін қажет. Кәсіподақ –
еңбек құқықтарын қорғау ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік кепілдіктер жиынтығы. Мәселен, ұжымдық шарт, өзара қолдау, спорттық және мәдени іс-шаралардың барлығын осы ұйым орындайды. Ең бастысы –
бірлік. Бір адам мәселе көтеруі мүмкін. Ал оның артында екі мың қызметкер тұрса, бұл – мүлде басқа
мүмкіндік.
— Алдағы жоспарларыңыз қандай?
— Біз одан ары күшейіп, заманауи, белсенді әрі нәтижелі кәсіподақ болуға ұмтыламыз. Басты бағыттарымыз – қызметкерлердің құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту, әлеуметтік қолдау мәселелерін шешу және энергетика қызметкерлеріне арналған әлеуметтік пакет бойынша заңнаманы жетілдіру. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігі де басты назарда. Одан бөлек жастар мен ардагерлерге қолдауды күшейтеміз және спортқа жақын жандарды барынша дамытуға тырысамыз. Басты қағидатымыз – құр уәдемен қалып қоймай, нақты нәтижеге жұмыс істеу. Өйткені кәсіподақтың күші – қызметкерлердің бірлігінде.
Сұхбаттасқан — Тілеуберді САХАБА.
