Күміс теңгелі кеудеше

Қаз 8, 2026

Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде бір ғасыр бұрын тігілген балалар кеудешесі сақтаулы. Жәдігердің ерекшелігі – оның өңіріне 26 күміс теңгенің тігілгенінде. Көне киім сол дәуірдегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымынан сыр шертеді.

Аталмыш музейдің қорында сақталған ерекше жәдігер 2009 жылы Алтай өлкесіне ұйымдастырылған этнографиялық экспедиция кезінде табылған. Мұндай сирек кездесетін бұйымдар қорды толықтыру мақсатында жыл сайын өткізілетін этнографиялық экспедициялар барысында жинақталады.

Музей қорының бас сақтаушысы Әлия Жомартованың айтуынша, қазақтың дәстүрлі балалар киімі ересектердің киімінен көп ерекшеленбеген. Балаларға арналған көйлек, кеудеше секілді киімдер үлкендердің киім үлгісін
сақтай отырып, шағын көлемде тігілген.

– Қыз балалардың көйлектері де қос етекті етіп тігілген. Ал кеудешелер ересек әйелдердің киімдерінің кішірейтілген түрі болған, – дейді ол.

Көне киімнің әрбір әшекейінің өзіндік мәні болған. Балалардың киіміне үкі, күміс теңгелер мен түрлі моншақтар тағылған. Олар тек сәндік мақсатта қолданылмай, баланы тіл-көзден, жамандықтан қорғаушы тұмар ретінде қабылданған. Әсіресе, күмістің орны ерекше. Киімге тағылған теңгелер бала жүрген кезде сыңғырлап, дыбыс шығаратын болған. Халық түсінігінде бұл дыбыстың да өзіндік қорғаныш мәні болған.

Кейбір көне кеудешелерге араб, орыс және поляк монеталары да тігілген. Мұндай бұйымдар отбасының тұрмыстық жағдайынан да хабар береді. Өйткені, күміс бағалы әрі қасиетті металл ретінде жоғары бағаланған.

– Баланы шомылдырғанда суға күміс теңге салып күмістеткен. «Қырық қасық суға қырық тиын салу» деген ырым осы дәстүрден қалған. Күміс су тазартады, баланы ауру-сырқаудан қорғайды деп есептелген, – дейді Әлия Жомартова.

Бүгінде музей қорында балалардың киімі мен бас киімдерінің жиырмаға жуық үлгісі бар. Олардың әрқайсысы – өткен дәуірдің тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін жәдігер.

Айдана БОРАНБАЕВА.