Адам жанын ізгілікке баулып, жүрекке жылулық нұрын себетін аяулы тұлғаларымыздың  бүгін төл мерекелері. Қастерлі мамандықтың қадірлі иесі болу үшін жоғары білім игеруден бөлек, өнегелі өмір тәжірибесін өткеру керек. Осы орайда мұғалімдікті атадан балаға мирас етіп, ұлағатты ұстаздар династиясын қалыптастырып келе жатқан Текжановтар әулеті туралы жазуды жөн көрдік.

Айдана БОРАНБАЕВА

Текжановтар педагогтер династиясының жалпы еңбек өтілі — 429 жыл. Династия басы Мұхамедхафиз Текжанов пен жары Шәрипа Игілікова отбасынан басталады. Екінші буында 2 ұлы мен 2 келіні, ал үшінші буында 5 немересі осы жолды жалғастыруда. Ұстаздық жолдың көшін бастаған әулеттің отағасы Мұхамедхафиз Текжанов саналы ғұмырын оқу мен оқытуға арнады. Ол өзінің ұрпақтарын да осы бағытқа жетелеп тәрбиеледі. Ол ҚазМУ филология факультетін тәмамдады. Қазақстан Республикасының ағарту ісінің озық қызметкері, БжҒМ құрмет грамоталарымен марапатталған.  Филология ғылымдарының кандидаты, профессор. Жоғары оқу орындарында 54 жыл еңбек етті. Бүгінде зейнеткер. Жары Шәрипа  Игілікова Алматы қыздар институтының биология факультетін аяқтады. Қазақстан Республикасының ағарту ісінің озық қызметкері, Павлодар қаласының дарынды бала-ларға арналған Ы.Алтынсарин атындағы гимназияда биология мұғалімі болып 30 жыл қызмет етті. 2005 жылы дүниеден озды. «Адамның адамшылығы — жақсы ұстаздан» — деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі — оқушының болашақ азығы. Ағайдың шәкірттері — бүгінде сан салада қызмет атқарып жүрген білікті мамандар. Оларды өз баласынан кем көрмей, алған асулары мен шыққан белестеріне мәз болысып, жақсылығына сүйініп отырған жайы бар. Шың басын бағындырған шәкірттер легін тізбектеп кетер болсақ, ол — өз алдына бір әңгіме. Ал әке жолына һәм атаның асқақ тұлғасына еліктеп оның ізгі жолын жалғастырушы ұрпақтары бір төбе.  Мәселен, ұлдарының бірі Қайрат Текжанов Павлодар педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдады. Еңбек жолын Павлодар ауданы Даниловка орта мектебінің директоры болып бастады. Бүгінгі күні филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Павлодар педагогикалық институтында көп жылдар факультеттер деканы, проректорлық қызметін атқарып, бүгінде ғылым жолында оқытушылық еңбегін жалғастыруда. Еңбек өтілі 40 жылдан астам. Тек ұлдары емес, сондай-ақ, екі келіні де мұғалім болған әулеттің немере-жиендері де ұлағатты жолдан ұзай қоймапты. Мәселен, келіндерінің бірі Ажар Текжанова ПМПИ, ПаУ филология факультеттерін тәмамдаған. 1979 жылдан білім беру саласында орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, директордың оқу-тәрбие ісі, ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары, мектеп басшысы болып  40 жылдан астам уақыт қызмет атқарып келеді.

— Ұлағатты ұстаздың келіні болғандықтан атамыздың атына кір келтірмеуге тырысамыз. Сондай-ақ, төркінімде әкем мен анамнан бастау алған әулеттен екі әпкем, үшінші толқында бес немере ұстаздар династиясын жалғастыруда. Барынша үздік болуға тырысып, жақсы жетістіктерге жетіп жатсақ, әулеттің негізін қалаған ата-аналарымыздың арқасы. Аллаға шүкір, бүгінде менің де біраз шәкіртім биік белестерді бағындырып үлгерді, — дейді 44 жылдық тәжірибесі бар атаның үлкен келіні  Ажар Текжанова. Сондай-ақ, тағы бір келіні Татьяна Текжанова Павлодар ауданы Ольгинка мектебінде орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі болып бастап, бүгінде Екібастұз қаласы мектептерінің бірінде директордың ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары, орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі қызметін жалғастыруда. Оның еңбек өтілі — 38 жыл. Үлгілі өнеге беретін отбасынан шыққан ұстаздар оқушыларды жетістікке жетелеуді бірінші орынға қояды. Тек үйретіп қана қоймай, белестерді бағындырып, бәсекелестікке қабілетті жан етіп шығаруды міндет деп санайды. Заман талабына сай заманауи әдістерді қолдану керек дейді олар. Евгения, Рүстембек секілді немерелері және Нүрия, Малика есімді немере келіндері де әкеден балаға, баладан немереге мирас болып келе жатқан қасиетті мамандықты игеріп, білім ордаларында табысты еңбек етуде. Ел алдында үлкен қызметтегі лауазымды тұлғалар ретінде қалыптасқан. Үш ұрпақты жалғай ұстаздық мамандығының тіреуіші болып келе жатқан бұл әулеттің мүшелері ата жолды сақтағандарын мақтаныш етеді. Мұғалімді мектептің жүрегі деп білетін дана халқымыз өз ардақтыларына әр кез құрметпен қараған. Ұстаз деген қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болып қала бермек. Келе жатқан мерекелеріңіз тағы да құтты болсын, ұлағаты мол «ұстаздар династиясы».