Биыл Павлодар облысының құрылғанына — 85 жыл. Осы жылы дүниеге келген сәбилер қаншама ауыртпалықты бастан кешті десеңізші?! 1937-1938 жылдары қуғын—сүргін, Ұлы Отан соғысы халықты әбден тұралатты. Осындай сын сағатта ел адамдары бір үзім нанды бөлісіп, таңның атуынан күннің батуына дейін жан аямай еңбек етті. Қилы кезең ауыл балаларын ерте есейтіп, шыңдады. Солардың бірі Дыбыс Жұмаділова туралы сөз қозғамақпын.
Дыбыс Нығыманқызы 1938 жылғы 12 желтоқсанда Мұрынтал ауылында дүниеге келді. Орта мектепті әр жерден үзіп-жұлып жүріп орыс, қазақ тілдерінде ойдағыдай бітіріп, өрімдей жас қыз бірден білек сыбана қызу еңбекке араласып кетті. Бұл тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңі болатын. Күндіз-түні гүрілдеген шынжыр табанды тракторлардың дауысы құлақ тұндырады.
Жер қыртысын айырған соқалар құлазыған сары далаға жан бітіргендей. Су жаңа трактор, комбайндар, басқа да техникалар үсті-үстіне тың жерлердің игерілуіне әкелініп жатты. Тұқым себу, егін ору науқаны кезінде астық тасыған сансыз жүк көліктері көздің жауын алатын.
Ресей, Украина, Белоруссия жерлерінен келген қыздар мен жігіттер — бір төбе. Осындай қызу еңбектің ортасында жүрген Дыбыс соқамен жер жыртты. Трактордың шынжыр табанынан ұшқан топырақ көз аштырмай тынысын тарылтса да күннің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүріп шеттен келген құрбыларымен бірге берілген жоспарды артығымен орындады. Ерен еңбегі үшін бағалы сыйлықтар алды, көзге түсті.
Болашақ жолдасын да еңбек ете жүріп кездестірді. Асайынмен шаңырақ көтерді, балалы-шағалы болды. Бірақ қол қусырып үйде отырғанды жаны сүймейтін Дыбыс колхоздың сиырын сауып, алдыңғы қатарлы сауыншылар санатына қосылды. Тұқым себу, егін ору науқаны басталғанда аспаздық қызметін атқарды. Қырманда жүк өлшеуші болып, кеңшардың малын бақты. Әйтеуір тыным таппай халқына қызмет етті. Ал 1974 жылдан 1989 жылға дейін табаны күректей 15 жыл бойы орталықтағы жұмысшылар кооперативі дүкенінде сатушы болып еңбек жолын жалғастырды. Ұзақ жылғы жемісті адал еңбегі бағаланып, «Облыстың үздік сатушысы» белгісімен марапатталды.
Дыбыс Нығыманқызы жолдасы Асайын Жұмаділов екеуі дүниеге 10 бала әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Немере, шөберелерін қызықтады. Жолдасы Асайын дүние салғаннан кейін де еңбектің қыр-сырын еркін меңгерген Дыбыс 1997 жылы «Айырық» шаруа қожалығын құрып, жұмысын дөңгелетті. Бастапқы жылдары жылқы шаруашылығымен айналысып кейін қара малдың өсіміне көңіл бөлді. Талапқа сай тұрғын үйлер, қоралар салып, қолдағы малдың жоғары қоңдылығын сақтады. Көмекшісі — өзінің баласы Мұрат.
Дыбыс Нығыманқызы — «Еңбек ардагері», «Батыр ана» медальдарының иегері. 2010 жылы жол түсіп Араб еліне барып Мекке, Мәдинеде үлкен қажылық міндетін атқарып, қажы атанды. «Осыншама жасқа жетіп, өмірден түйгеніңіз не?» деп сұрағандарға Дыбыс Нығыманқызының берер жауабы баршылық. Оның кешегі балалық шағы, есею жылдары, еңбек майданы, мұсылмандықтың бес парызының бірі – қажылық сапары — бәрі көз алдында. Осы уақыт аралығында қанша адамға жақсылық жасады. Ақыл-кеңесін берді. Тәжірибесімен бөлісті. Оның елге, жерге жасаған жақсылығында есеп жоқ. Қалай десек те, көрегенді адамның көргенін айтары хақ.
Мұхамет—Қайыр ШӘРІПОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.