Таяуда облыстық «Saryarqa samaly» газеті осы жылдың алғашқы үш айындағы аймақтың көші-қон саласының көрсеткіштерін қорытындылап, бөлінген квотаны қай өңір ойдағыдай игергені жөнінде рейтинг жасады. Басылым бетінде «Әкімдердің әлеуеті қандай?» деген тақырыппен жарияланған мақалада облыстың барлық қала, ауданындағы көші-қон мәселесі жан-жақты талқыланып, талданды.
Осындай мақалалар бүгінгі қоғам үшін өте өзекті деп есептеймін. Әр салада жеткен жетістіктерді өзгелерге үлгі етіп, орын алған олқылықтардан сабақ алу – баршаға ортақ міндет болуы тиіс.
Иә, «Елге ел қосылса — құт!» демекші, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы бұйры-ғымен қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2023 жылға арналған өңірлік квотасы бекітілді. Сол бойынша осы жылы облысымызға шетелдерден 932 қандас, оңтүстік өңірлерден 2 841 отандасымыз қоныс аударады деп жоспарлануда.
Қуантарлығы, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл көші-қон саласына бөлінген квота саны көп. Сондықтан қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне үлкен міндеттер жүктелмек. Осыған түсіністік танытып, жоспардың ойдағыдай жүзеге асуына өңір әкімдері атсалысуы тиіс. Сондай-ақ, осы салаға жауапты мамандар да қоныс аударушылардың жаңа ортаға бейім-деліп кетуі үшін қолдау көрсетуі керек. Бұл ретте, Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалалары мен Успен, Май аудандарында этникалық қандастарды қабылдау науқаны сәтті жүзеге асып жатқанын атап өткен жөн. Өзге өңірлер осылардан үлгі алуы тиіс.
Ең бастысы, алыстан көшіп келген ағайынды лайықты жұмыспен қамту, баспаналы болуына қолдау көрсету және мектеп, балабақшаға баратын балаларына жағдай жасау керектігін ұмытпауымыз қажет.
Сондықтан киелі Кереку өңіріне үлкен үмітпен қоныс аударып жатқан жандарға деген қамқорлығымызды аямағанымыз жөн.
Болат ЗАУТ, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің
Павлодар облыстық филиалының басшысы.