Орталық жағажайға шомылу маусымында қауіптің алдын алу үшін қалтқылардың үстіне «Ақылды» камералар жүйесі орнатылмақ. Бұл құтқарушылардың жүзіп өтуге шектеу қойылған аймақтан ұзап кетуді ұнататын адамдарды анықтауына көмектеседі.
Жағажайда осындай 40 камера орнатылмақ. «ақылды камералар» жобасы сәтті болса, ол аймақтың басқа да су қоймаларына қойылады.
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен шомылу маусымында қауіпсіздікті ұйымдастыруға арналған брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Олег Трещев мәлімдеді. Аталмыш құрал Алматыдағы Сайран көлінде қолданылған.
— Қалтқыларға арнайы камералар орнатылады. Оған жақындап келе жатқан объектілерге ескерту дабылы қосылып, сигнал тәртіп бұзушылыққа жауап беретін құтқарушылар бекеттеріне беріледі. Осылайша қалтқылардан ары аспақ болған шомылушыларға ескерту дабылын жолдау арқылы қауіптің алдын аламыз. Жүйе 16 маусымнан бастап орталық жағажайда қойылады, — деді Олег Трещев.
Спикердің айтуынша, шомылу маусымы басталғалы жабдықталмаған жағажайларда 3 адам суға батып кеткен.
— Жақында Усолкада болған қайғылы оқиғаға Екібастұз қаласы және Тереңкөл ауданындағы жағдайлар қосылып отыр. Сонымен қатар, су айдындарында ересектердің қарауынсыз жүрген 25 бала ұсталды. Өткен жылы жағада жалғыз, қараусыз жүрген балалар болмаған. Биыл осы бағытта қосымша жұмыс атқару қажеттігі туындап отыр, — деді Олег Трещев.
Жалпы, өңірімізде 42 жағажай бар. Қазіргі уақытта арнайы тексеруден өткен 23-і жұмыс істеп тұр. Биылғы шомылу маусымына 195 ерікті құтқарушы-қоғам белсен-ділері көмекке дайын.
Т.ӘБІЛДА.