Павлодар қаласында «Міндет. Абырой. Ерлік. Бейбітшілік» атты жастар конференциясы өтті. Салтанатты іс-шараның мақсаты: жастарға адамгершілік және патриоттық тәрбие беру, тарихи естелікті сақтау, Отанымыздың өткендегі ерлігі мен бүгінгінің жарқын үлгісінде азаматтық тұлғалық қасиеттерді тәрбиелеу.
Патриоттық конференцияға колледждер мен университеттердің белсенді студенттері, өртке қарсы қызмет өкілдері, жас әскери қызметшілер, этномәдени бірлестіктердің белсенділері қатысты. Облыстық ҚХА Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Ольга Николашина атап өткендей, іс-шара Ұлы Отан соғысы мен қазіргі заман батырларының үлгісінде жастарды адамгершілік және патриоттық тәрбиелеуге бағытталған.
– Біз тарихи мұрағатқа айтарлықтай қол жеткіздік. Жерлестеріміздің ерен ерлігі туралы бірқатар құжат құпиясыздандырылды. Бұл батырлардың есімдерін танытуға мүмкіндік берді, — дейді спикер.
«Ұмытылмаған қаһармандар. Незабытые герои» жобасының үйлестірушісі Сапаргелді Абдрашев сөз сөйледі. Жоба 1941-1945 жылдар аралығында ҰОС кезеңінде «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылған, бірақ қандай да бір себептермен осы жоғары атаққа ие болмаған және заңсыз ұмытылған павлодарлық батырлар бойынша тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған. 2007 жылы КСРО Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатының (Қазіргі Подольск қ. РФ ОАО) құжаттарынан «өте құпия» деген белгі алынып тасталғаннан кейін «пердені» сәл ашу мүмкін болды. Чернобыль атом электр станциясындағы апатта батылдық көрсеткен ерлерді еске алды. Апатты таратуға 35 мың қазақстандық қатысқан, қазір олардың саны – 5 мың. Ал Павлодар облысынан апаттың алдын алуға 1200 адам көмектесті.
Тек өткендердің ерлігін емес, бүгінгі күннің батырларының есімдері де аталды. Олар – Павлодар облысы Төтенше жағдай департаментінің жас мамандары: Дастан Сүлейменов және Марлен Әбенов. Жас құтқарушылар өртке оранған үйден адамдарды құтқарып алғандары үшін Алғыс хатпен марапатталды. Елімізде биылдан бастап Аналар күнімен қатар маусымның үшінші жексенбісінде Әкелер күні де атап өтіледі. Ольга Нико- лашина аналар кеңесі әкелер тәрбиесіне де басымдық беретінін айтты.
Іс-шара «Әлемде әрдайым бейбітшілік болсын» атты сурет байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттаумен аяқталды. Байқауға 92 бала қатысты. Ақтоғай, Баянауыл, Павлодар аудандары ерекше белсенділік көрсетті. Осы тақырыпта сурет салатын әрбір адам өзінің үлкен, көпұлтты республиканың кішкентай азаматы екендігін сезінеді.
Арай МАРАЛБАЕВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті.