Елімізде әр отбасының қаншалықты бақуатты тұратынын айқындайтын әдістеме жасалды. Оның көмегімен тұрғындар табысының кіріс-шығысы бақыланып, шынайы көмекке мұқтаж азаматтарға әлеуметтік қолдау шараларын проактивті түрде ұсынуға мүмкіндік берілмек.

Бұл әдістемені ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстандағы БҰҰ даму бағдарламасымен бірлесіп әзірлеген. Жаңа жобаның көмегімен Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) арқылы әлеуметтік қолдау шараларын еш кедергісіз жүзеге асыруға мол мүмкіндік бар.  Бұған дейін жазғанымыздай, елімізде осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Отбасының цифрлық картасы іске қосылған болатын. Онда Қазақстанның 19,5 миллионнан астам азаматы туралы ақпарат жинақталған. Сол бойынша әр отбасының әлеуметтік әл-ауқат жағдайына талдау жасалып, 5 түрлі көрсеткіш бойынша балл беріледі. Ол төмендегідей есептеледі:

— жақсы деңгей, 1 800 және одан жоғары балл;

— қанағаттанарлық деңгей, 730-дан 1 799 балға дейін;

— төмен деңгей, минус 30-дан 729 балға дейін;

— дағдарыс деңгей, минус 460-тан минус 29 балға дейін;

— мүшкіл деңгей, минус 459 балға дейін.

Сонымен, қанағаттанарлық деңгей отбасының өз жағдайын жеңе алатындығын білдіреді. Қажет болған жағдайда мемлекеттік органдар тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі. Төмен деңгейдегі отбасына мемлекеттік мекемелердің көмегі керек. Десе де, мұндай шаңырақтар өз мәселелерін дербес шешуге ұмтылуы тиіс. Дағдарыс деңгейіндегі азаматтар күрделі мәселелерді өз бетінше шеше алмайды және олардың жағдайын жақсарту үшін мемлекеттік органдар тарапынан кешенді көмек қажет. Ал қиын жағдайға тап болған отбасы қаржылық қиындықтарға кездеседі және өзінің негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыра алмайды. Сол себепті, осындай шаңырақтарға мемлекеттік органдардың шұғыл араласқаны жөн. Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға әлеуметтік төлемдер мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді қоса алғанда, мемлекеттен кешенді қолдау шаралары көрсетілуі тиіс. Айта кетерлігі, бұл индекс алғаш рет БҰҰ ДБ қолдауымен Оксфорд университеті дайындаған Адам дамуы туралы баяндамада қолданылды. Қазір әлемде көп өлшемді кедейлік тұжырымдамасы халықтың әлеуметтік әл-ауқатын өлшеудің ең прогрессивті тәсілі болып саналады, дейді мамандар. Себебі, табыстың төмен деңгейі әл-ауқаттың төмен деңгейінің бір ғана аспектісі болып табылады. Осы саланының білікті мамандары әдістемеде қолданылатын көпөлшемді индикаторлар әл-ауқаттың негізгі параметрлерін оқшаулауға тәжірибе тұрғысында мүмкіндік беретінін айтады. Бұл әлеуметтік қолайсыздық топтарын жоғары дәлдікпен анықтауға және сол арқылы қалыптасқан жағымсыз тенденцияларды жеңу үшін әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын анықтауға жол ашады. Қазіргі таңда ОЦК мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтінішсіз жәрдемақы мен әлеуметтік төлемнің 9 түрін ресімдеуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ, ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы автоматты хабарлама іске асырылуда. Осылайша, биыл әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтер тізбесі кеңейтілсе, келесі жылы денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізіледі деп жоспарлануда.

 

Н.АҚЫТЕГІ.