Қазақ халқы үшін жүннің қадірі ерекше болған. Қойдың, түйенің, ешкінің жүнін кәдеге жаратып, одан жіп иірген. Сол жіптен киім-кешек, шұлық, алаша, кілем тоқып, текемет басқан. Яғни, ұршық иіру – жай ғана жіп дайындаудың тәсілі емес, халықтың күнделікті тұрмысымен біте қайнасқан кәсіп. Әженің қолындағы ұршық отбасының қажетіне жарайтын бұйымның бастауына айналған. Бүгінде сол көне өнерге деген қызығушылық қайта оянып келеді. Ұлттық қолөнерді дәріптейтін фестивальдер мен байқаулардың көбеюі, шеберлік сабақтарының өткізілуі – соның айғағы.
2024 жылдың 24 тамызында «Қолөнер Urshyk» республикалық қоғамдық бірлестігі заңды түрде құрылды. Оның құрылуына Астана қаласында 11 облыстың қатысуымен өткен фестиваль себеп болды. Аталған шараға Павлодар облысынан сегіз адам қатысып, ұршық иіру өнерін көрсетіп, қолдарынан шыққан бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды.
Фестиваль соңында үздік қатысушыларға ұршық статуэткасы табыс етілді. Сол жеңімпаздардың қатарында Павлодар облыстық «Urshyk» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гүлназима Жүсіпбекова да болды.
– Сол іс-шарадан кейін бірлестік директоры Бибігүл Карденова Павлодар қаласына арнайы келіп, мені облыс бойынша жауапты етіп тағайындап, тиісті құжаттарды табыстады. Осылайша ұлттық қолөнерді насихаттау бағытындағы жұмысымыз басталды. Біздің негізгі мақсатымыз – қолөнер шеберлерін таныту, олардың еңбегін дәріптеу және жас ұрпаққа қолөнерді үйрету, – дейді Г.Жүсіпбекова.
Бірлестіктің жұмысы тек ұршық иірумен шектелмейді. Жалпы ұлттық қолөнерді, дәстүрлі тағамдарды насихаттау, шеберлердің басын қосу, тәжірибе алмасуына жағдай жасау да басты бағыттардың қатарында.
Павлодар өңірінде ұршық иіруді білетін шеберлер аз емес. Мектеп жасындағы балаларға өз өнерін көрсетіп, үйретіп жүрген әжелер де бар. Бұл – бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, ұрпақ сабақтастығы үшін маңызы зор жұмыс. Себебі дәстүр кітапта жазылып немесе музей төрінде сақталғанымен ғана өмір сүрмейді. Оны адам орындап, келесі буынға үйреткенде ғана дәстүр жалғасады.
– Облыста мен танитын ұршықшылар көп. Мектеп жасындағы оқушыларға көрсетіп, үйретіп жүрген әжелеріміз бар. Бұл өте маңызды. Жастар көріп, қызығып, өз қолымен жасап үйренсе ғана өнердің ғұмыры ұзарады, – дейді шебер.
Ұршық иірудің ар жағында жүн өңдеу мәдениеті тұр. Жүнді қырқу, жуу, кептіру, түту, өңдеу, содан кейін барып иіру – төзімділік пен ұқыптылықты қажет ететін еңбек. Қазіргі таңда бұл бағытта да шешімін күткен мәселелер бар.
– Негізінен жүнді Тараз қаласынан пошта арқылы алдырамын. Жаз мезгілінде қой қырқылған кезде жүнді өзім де жинап, жуып, өңдеймін. Көбіне текемет басуға қолданамын. Дегенмен өз өңірімізде жүн өңдейтін мүмкіндік болса, бізге өте жақсы болар еді. Мысалы, қолөнер шеберлерінің біріне грант беріліп, жүн өңдейтін аппарат алынса, осы жақтан кәсіп қылуға болады. Алыстан алдырып жүргенше, өзіміздің өңірде өңделгені тиімді, – дейді қолөнер шебері.
Бұл мәселе тек бір шебердің қажетін өтеумен шектелмейді. Жүн өңдеу ісін жолға қою – ауылдағы табиғи шикізатты тиімді пайдаланып, шағын кәсіпті дамытуға мүмкіндік береді. Қолөнер мен кәсіпті ұштастырған жағдайда ұлттық мұраның экономикалық әлеуетін де арттыруға болады. Өйткені бүгінгі таңда табиғи материалдардан жасалған бұйымдарға қызығушылық артып келеді. Ұлттық нақыштағы киімдер, тұрмыстық бұйымдар, сәндік дүниелер заманауи ортадан да өз орнын тауып отыр. Демек, дәстүрлі өнерді сақтай отырып, оны жаңа сипатта дамытуға мүмкіндік бар.
– Ұршық иіруді дәстүр ретінде сақтай отырып, оны заманауи шағын кәсіпке айналдыруға болады деп ойлаймын. Қазір ұлттық қолөнерге қызығушылық артып келеді. Табиғи материалдан жасалған бұйымдарға да сұраныс бар. Ол үшін шеберлерге қолдау көрсетіп, гранттар бөліп, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету, өнімдерін сатуға жағдай жасау қажет, – дейді бірлестік төрағасы.
Ұлттық өнердің өміршеңдігін түрлі фестивальдер мен байқаулар да көрсетіп отыр. 2024 жылы алғаш рет өткен «Ұршық FEST» байқауына Павлодар облысының қалалары мен аудандарынан 35 шебер қатысқан. Ал шараға қатысуға 90 адам өтініш білдірген. Бұл – өңірде ұршық иіруге қызығушылық бар екенін аңғартатын нақты көрсеткіш. Дегенмен, 35 адамды облыстағы барлық ұршық шеберлерінің саны деп айтуға болмайды. Бұл – фестивальге қатысқан шеберлердің саны ғана. Өңірде осы өнермен тұрақты айналысатын шеберлердің нақты саны бойынша ашық ресми статистика жоқ.
Бірлестік жұмысының тағы бір маңызды бағыты – өңірлер арасындағы тәжірибе алмасу. Жылына екі рет әр облыста түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, шеберлер өзара тәжірибе бөліседі. Жақында Павлодар облысының алты өкілі Маңғыстау облысында өткен ұршық фестиваліне барып, өңір намысын қорғап қайтты. Олардың екеуі ұршық статуэткасын иеленді.
Мұндай кездесулердің мәні жүлде алумен ғана өлшенбейді. Әр фестиваль – шеберлерді бір-бірімен таныстыратын, тәжірибе алмасуға жол ашатын, ұмыт бола бастаған тәсілдерді қайта жаңғыртатын орта. Бір өңірдің шебері екінші өңірдің шеберінен үйренсе, өнердің өрісі кеңейе түседі.
Ұршық иірудің дәстүрлі тәсілдері де осындай шеберлердің қолында сақталып келеді. Жүнді дәстүрлі әдіспен дайындау, ұршықтың өзін жасау, жіпті бұрынғы тәсілмен иіру, иірілген жіпті табиғи жолмен бояу – мұның бәрі қазақтың қолөнер мәдениетінің бір-бірімен сабақтас бөлшектері.
– Қазір заман басқа. Кейбір құралдар мен тәсілдер өзгеруі мүмкін. Бірақ негізгі бағыт біреу. Бастысы – қолөнер шеберлері өздері білетінін кейінгі ұрпаққа дұрыс жеткізіп, насихаттауы. Өнерді тек музейде немесе кітапта сақтап қою жеткіліксіз. Оны үйренетін, орындайтын, әрі қарай жалғастыратын адам керек, – дейді Гүлназима Жүсіпбекова.
Кезінде қазақтың әр шаңырағынан естілген ұршықтың баяу сылдыры бүгінде қайта жаңғырып келеді. Оның үні балалардың қызығушылығымен, шеберлердің еңбегімен, фестивальдердің дүбірімен қайта естілуде. Бастысы, сол үннің үзілмеуі. Өйткені ұршықтың жібі үзілмесе, ұрпақтың сабақтастығы да үзілмейді.
Айдана БОРАНБАЕВА.
